Статьи и обзоры nachodki.ru

ЖАҢА ӘЛІПБИ НЕГІЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Категория: Мұғалімге Автор: Администратор
1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 Rating 0.00 (0 Votes)

ЖАҢА ӘЛІПБИ НЕГІЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ

2018 жылғы 6 желтоқсанда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп дайындаған қазақ тілінің жаңа емлесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» «Қазақ тілі əліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы №569 Жарлығына сəйкес бекітілген жаңа əліпби бойынша əзірленді.

Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері (Ереже) – латын графикасындағы қазақ əліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латыннегізді жаңа əліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мəдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады.

Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты:

– тілдің жалғамалылығы;

– тілдің ықшамдалуы;

– тіл дыбыстарының үндестігі;

– дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі, т.б. негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілді. Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынды. Сонымен қатар қазақ əдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне жəне кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дəстүрлі жəне фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылды.

Ережеде: – латын негізді əліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының мəнін білдіретін əріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді;

– сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сəйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жалғану үлгісі берілді;

қосар дыбыстарды (ұу/үу, ый/ій) дара əріппен (у, и əріптерімен) таңбалаудың үлгісі ұсынылды;

– қазақтың əдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді;

– латыннегізді жаңа əліпбиде жоқ ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ əріптерінің жазылу баламасы берілді;

– бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тəртібі көрсетілді;

– шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісі ұсынылды;

– біріккен, кіріккен, тіркесті және қос сөздердің емлесі, сондай-ақ бас әріппен жазылатын атаулардың жазылуы мен тасымалдың тәртібі көрсетілді.

Ереже түзуде ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуы, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы, техникалық жақтан қолдануға оңтайлы, жинақы болуы, халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтылуы, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталуы ерекше назарға алынды. Сонымен бірге бұған дейінгі жазу тәжірибесі, тұрақталған нормалары, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері ескерілді.

Бұл Ереженің бастапқы нұсқасын түзу жұмысы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында (Институт) атқарылды.

Институт әзірлеген Ереже жобасы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде бірнеше мәрте қаралып, талқылаудан өткізілді. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміздің бірқатар өңірінде ересектер, оқушылар, сондай-ақ, оқытушы-филологтер арасында сынама-сауалнама арқылы тексеруден, республикадағы ЖОО-ның оқытушылары мен тілтанушы мамандарының тәуелсіз сараптамасынан өткізіп, Ережеге соңғы редакциялау жұмыстарын жасап, көпшілік назарына ұсынып отыр.

Қазақ емлесіндегі тың өзгерістер, жаңа қағидалар және олардың ғылыми негіздемесі ортологиялық құралдарда жан-жақты қамтылады. Ереже латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық қазақ әліпбиі бойынша Орфографиялық, Орфоэпиялық, Шеттілдік сөздер сөздіктері, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар мен Нұсқаулықтар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасауда, мамандар даярлауда ғылыми-нормативтік тірек ретінде алынатын басты құжат болып саналады.

 

ТІРЕК ҰҒЫМДАР

Анықтауыштық қатынас – зат пен құбылыстың атауы болатын есім сөз тіркестері сыңарларының арасындағы алдыңғысы анықтайтын, соңғысы анықталатын қатынас.

Атауыштық тіркес – сыңарлар арасындағы байланысы тұрақты, зат пен құбылысты тура мағынада атайтын, бөлек жазылатын күрделі сөз.

Ашық дауысты – жақтың кең ашылуы арқылы тек үннің қатысымен жасалатын дыбыс.

Әріп – дыбыстың әліпбидегі графикалық таңбасы.

Біріккен сөз – бірнеше түбірден бірігіп, бір ғана зат пен құбылыстың атауы болатын, бірге жазылатын күрделі сөз.

Дыбыс – айтылымдағы ең кіші тілдік бірлік.

Емле – жазу нормаларын қалыптандыратын ережелер жиынтығы, орфография.

Идиомалық тіркес – дайын күйінде қолданылып, бір ұғымды білдіретін, тұтас мағынасы құрамындағы бірліктердің әрқайсысының мағынасына сәйкеспейтін тұрақты тіркестің түрі.

Көмекші есімдер – зат есімдерге тіркесіп, заттардың кеңістіктегі орналасу қатынастарын білдіретін сөздер.

Күрделi сөз – сыңарлары арасындағы синтаксистік қатынас жойылып, тұтасқан бірлік ретінде бір мағынаны білдіретін, бір ғана морфологиялық, синтаксистiк қызмет атқаратын, біріккен, кіріккен, қос сөз және атауыштық тіркес түріндегі сөздер.

Күрделі етістік – екі немесе одан да көп сөздерден жасалып, күрделі қимыл-әрекетті атайтын, бөлек жазылатын сөздер.

Кірме сөз – қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтары бойынша игеріліп жазылатын өзге тілден енген сөз.

Кіріккен сөз – екі не одан да көп сөзден бірігіп, сыңар жігіндегі дыбыстар үндесіп, үйлесе өзгеріске ұшыраған, құрамы сіңісіп кеткен сөздер.

Қос сөз – бір сөздің қайталануынан не сөздердің қосарлануынан жасалған, дефиспен жазылатын күрделі сөз.

Қосымша – сөз мағынасын өзгертетін, түрлендіретін, сөз бен сөзді байланыстыратын грамматикалық бірлік.

Қысқарған сөз – күрделі атаулардың қысқартылып жазылған түрі.

Лексикаланған тіркес – фразеологиялық мағынасынан қол үзген, синтаксистік қатынас көмескіленген, жеке сөз орнына жүретін лексикалық бірлік.

Морфологиялық принцип – жеке сөздің және күрделі сөз сыңарларының түбір тұлғасы сақталып жазылатын емле ұстанымы.

Тәуелдік жалғау – бір заттың басқа затқа немесе біреуге тәуелді, меншікті екенін білдіретін қосымша.

Түбір сөз – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін, мағыналы негізгі бөлігі.

Тіл үндестігі – қазақ тіліндегі бірінші буынның үндесіміне қарай сөздердің бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке айтылатын негізгі дыбыстық заңдылығы.

Фонема – сөздер мен морфемаларды бір-бірінен мағына және форма жағынан ажырататын тілдің дыбыстық жүйесіндегі негізгі типтік бірлік.

Фонематикалық принцип – фонеманың негізгі реңкі сақталып жазылатын емле ұстанымы.

Шеттілдік сөз – жазба тұрпаты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөз.

Просмотров: 2178