Қалдырған ізің мәңгілік

1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 Rating 5.00 (1 Vote)

Қостанай облысы, Амангелді ауданының білім саласының даму тарихы 

Амангелді ауданының білім беру саласына арналған бұл кітап ауданымыздың 90 жылдығы қарсаңында қолға алынған болатын. Кітапты шығарудағы негізгі мақсат – білім саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсету, еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі ету болып табылады.Білім – барлық салада өркендеудің басты шарты. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді.

Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады.

Ұстаз – осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұстаз деген – ұлы ұғым, ал ұстаздық – қоғамдағы ең құрметтi де қадiрлi мамандықтардың бiрi. Өйткенi адами қасиеттердi бойына сiңiрген шынайы ұстаз өз шәкiрттерiнiң жүректерiнде бiлiмге деген құштарлықты және Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятады.

Тәуелсiз елiмiздiң алғашқы күнiнен бастап бiлiм берудi дамыту, адами капиталды жетiлдiру мемлекеттiк саясаттың мызғымас басымдығы болып келедi. Білім саласының мақсаттары мен нысандары, білім мен тәрбие берудің әдістері мен талаптары сан рет өзгеріп жатқанымен Отанымыздың өрелі азаматтарын қалыптастырудағы мұғалімнің алатын маңызды орыны еш уақытта өзгермек емес. Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады». Сондай тәрбиелі де білімді ұрпақты қалыптастыру сынды жауапкершілігі өте зор міндеттің ұстаздар қауымына жүктелуі осы мамандықтың қаншалықты қастерлі екенін айғақтайды.

Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрмет қашанда арта бермек. Біздің ауданымызда кеңестік кезеңде және тәуелсіздік жылдарында жоғары мемлекеттік наградаға ие болған ұстаздарымыз көптеп саналады. Кітапта осындай ұлағатты ұстаздарымыз туралы мәліметтер жинақталған. Бұл біздің ауданның бiлiм беру жүйесiн дамытуға, туған жердiң шынайы отансүйгiштерiн тәрбиелеуге және болашақ жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға қосқан лайықты қызметтері үшін ұстаздарымызға деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің бір белгісі.

Ұстаздарымыздың тәуелсіз елге тірек болатын білімді, білікті шәкірттерді, ғылыммен айналысып, ел мақтанышына айналатын болашақ ғалымдарды дайындап шығару жолындағы еңбектері жемісті болсын, ауданымызда ұлағатты ұстаздарымыздың қатары көбейе берсін.

Ә.Б.АСАНОВ,

Амангелді ауданының әкімі

 


>> ОҚУ ЖӘНЕ ЖҮКТЕУ <<

Яндекс.Метрика
© 2020 Бүйректал жалпы білім беретін орта мектебі. Барлық құқық қорғалған. Сайт құрастырушы- Абилтаев Дастан

Мәзір