Жас маманның жетістігі

Категория: Біздің жетістіктер Создано: 12.04.2019 Автор: Администратор
1 1 1 1 1 1 1 1 1 1 Rating 0.00 (0 Votes)

Әдетте, аға буынның сынайтыны да, үміт артатыны да – жастар. Тұтас мемлекеттің болашағы да осынау топ. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі білікті маман. Олар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Жастардың білімі мен білігі, арманы, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің де тұрақты дамуының кепілі. Бәлкім, содан да шығар, мемлекеттік саясаттың басымдық берілетін бағыттарының бірі де осы жастарға бағытталып жатады. Бір қуантарлығы, сыртта үйренген қарым-қабілетін туған ауылына арнайтын жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Дастан Әбілтаев.

Ол Бүйректал ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Бүйректал орта мектебін аяқтап, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына информатика мамандығы бойынша оқуға түсті. Дастанның осынау қызығы мен қиындығы мол салаға түсуіне бала кезгі арманы себеп болды.

– Мектеп қабырғасында жүргенде информатика, физика сабақтарына жақын болдым. Тұрмыс қажеттілігінен туындаған шығар, әйтеуір, ауылыма келіп, компьютердің көмегімен заманауи жобаларды қолға алғым келді. Оқуымды 2016 жылы бітіріп шықтым. Үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жас түлектер өздеріне тиімді мамандық таңдап, кейін сол мамандық бойынша жұмыс істеп, өз білімдерінің нәтижесін көрсетіп жатады.  Мен де жоғарғы оқу орнында теориялық білім алудың орташа өлшемді бағасына ие болдым. Жастар қалада қалып қызметке орналасып жатса, енді бірі ауылдық жерді таңдайды. Менің таңдауым да туған ауылыма түсті. Бүйректал жалпы білім беретін орта мектебінде информатика мұғалімі қызметіндемін, — дейді Дастан Саматұлы.

Дастанның жетістік жолы сонау 2007 жылдан бастау алады. «Ақ бота» зияткерлік марафонында жүлдегер атанып, Көкшетау қаласының «Балдәурен» лагеріне жолдама ұтып алды. Үш жыл өткен соң «Айгөлек» журналының 10 жылдық мерейтойына шақырылды. Мерейтой Алматы қаласында өтті. Бала Дастанның суреттері «Айгөлек» журналына шықты. Бүгінгі таңда жастар саясаты негізінде болашақ жастардың жоғарғы деңгейде білім алып, кәсіби маман атануына жан-жақты жағдай жасалуда. Қазақта «жас келсе іске» деген ұлағатты сөз бар. Расында да жастар қауымы жаңа заман иелігіне орай тың әрі озық идеяларды дүниеге әкеліп, әр саланың өзінше дамуына үлес қосып, жаңа инновация арқылы сапалы жетістікке қол жеткізіп, мемлекетіміздің дамуына қарқынды күш жұмсап, игі нәтижелерді көрсетіп жатыр. Олардың алғыр ойлары әркез қоғам қажет етіп отыратын жеміс іспеттес. Дастан Саматұлының мұғалімдік қызметке алынғаннан бастап оқушыларды түрлі олимпиадаларға, конкурстарға қатыстырып келеді. Бастысы, жас өскінді әрқилы бағдарламалармен жұмыс істеуге үйретуде. – 2018 жылы оқушыларым Бекарыс Жаңабай мен Бекзат Әлібай Nio.kz сайты ұйымдастырған Республикалық информатика пәні олимпиадасына қатысып, 1 орынды иеленді. Тағы бір оқушым Аслан Қаупыштың PLANET Skillsхалықаралық жобасы өткізген республикалық «Эрудит-2018» конкурсында SketchUp 8 бағдарламасында істеген «3D мектеп» жұмысы 2 орынмен марапатталды. Былтыр «Менің тәуелсіз Қазақстаным» графикалық редакторлар конкурсына 8 сынып оқушысы Ербол Байгөбен қатысып, жүлдегер болды, — дейді жас маман.

Дастан дипломдық жұмысына Бүйректал мектебінің сайтын тақырып етті. Ол 15 күн ішінде күні-түні отырып, діттеген мақсатына жетті. Бұл жоба толығып, 2018 жылдың қазан айында іске қосылды. Әрине, ауылда интернеттің нашарлығы да қолбайлау болады. Дастан хостинг пен домен атауларын өз қаражатынан төлеп, buirektal.kz сайтын интернетке жариялады. Қазір бұл сайт өңірдің тыныс-тіршілігін көрсетіп тұр. Жас маманның жетістігі мұнымен бітпейді. Оның жұмыстары Edulife.kz, nio.kz сайттарында жоғары бағаланды. Нәтижесінде Ziatker.kz сайты оны Құрмет грамотасымен марапаттады. 2018 жылы Қазақстан Педагогтар қауымдастығы ұйымдастырған «Үздік жас педагог» байқауына қатысып, «Үздік жас педагог» төсбелгісін иеленген де осы Дастан Саматұлы. Осындай жұмыстарының арқасында оған «Педагог-модератор» біліктілік санаты берілді. Дастан үшін 2019 жыл нәтижелі басталды. Ол Skills academy мекемесі мен Martebe.kz білім порталы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан III Республикалық «Үздік жас маман» байқауына қатысып, 3 орын және «Үздік жас маман» төсбелгісімен марапатталды.

– Тәуелсiз елдің мұраты – жастардың бiлiмi мен тәрбиесі, еңбектенiп өсуi. «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», – дейдi аға буын өкілдері. Сондықтан, жастарға бiлiм беретiн ұстаздар да ұлы мұрат жолында жалынды еңбек етуге даяр, — дейді Дастан Әбілтаев.

Автор: Qasqyrbai Qoishymanov 

Ақпарат мына сайттан алынды: http://kostanaytany.kz

 

Просмотров: 56